Көптеген қарапайым сөздердің тіл айналымынан шығып жатқанын көріп жүрміз. Қазақ тілі іс-қимылды, әрекетті сипаттауға өте бай болғанымен, олар ауызекі тілде көбіне орыс тіліндегі аудармасымен ауыстырылып, тұрмыстан көрініс таппай келеді. Jas.kz қал-қадірінше жастар үшін архаизм боп бара жатқан бірқатар сөздерді түсініп және түсіндіріп көруге тырысты. Қабыл алыңыздар.
Ескерту: «Ұмытылған сөздер» деп — қалалық жастар үшін таңсық боп кеткен сөздерді айтып отырмыз. Елдің барлығы ұмытқан деуден аулақпыз.
…Олардың кейбірі аспанға қол соза бере қатып қалған сияқты. Алыстан қарағанда — мың бұрала билеп жатқандардың видеосын бір сәтке паузаға қойғандай әсер қалдырады. Соған қарағанда — осы жерлерде рухтар әлеміне есік болуы әбден мүмкін…
Сауатты жазу — адамның айнасы. Делініп келді. Бүгінде жедел хабар алмасу желілерінде елді түзейтін, елдің сені түзейтін уақыты жоқ. Басты бағдар — шаруа. Шаруа бітсе болды. Оның қандай орфографиялық қатемен біткені — он бесінші орында. Бастысы, «цүнікті» дегеннің «түсінікті» екені түсінікті ғой? Болды. Ендеше, бүгінгі күн — «сауат жалпы неге керек?» деген фундаменталды сұрақты көтеретіндей. Үш мәртеден жауап беріп көріңізші. Әнеки, гәп сонда.
Журфактағы «бөгдепланеталықтар»
Алғашқы дабылды соққан Мәскеу Мемлекеттік Университетінің «Журналистика» факультетінің «Орыс тілінің стилистикасы» кафедрасының доценті Анастасия Николаева еді. Аталмыш ұстаз «Талапкер-2016» науқанында көресіні көрген екен. Себебі, сынақ диктант тапсырған 229 адамның 82 пайызы(!) бір парақта орташа есеппен 24-25 қате жіберген(!). Ол ол ма: бұлардың ішінде Бірыңғай Мемлекеттік Емтиханнан (біздің ҰБТ сияқты) жүз балл алған 15 адам бар! Ұстаздың айтуынша, әрбір сөйлемде 3-4 қатеден болған. Көптеген сөздерді тіпті түсіну мүмкін емес, жалпы, олар сөз де емес, дәлірегі — сөздердің шартты жазылуы дейді ғалым. Әрі қарай, күлкілі де қайғылы қателердің мысалдарын келтірген: рыца(рыться), поциэнт (пациент), удастса (удастся), врочи (врачи), нез наю (не знаю), генирал, через-чюр, оррестовать. Бұл 20 жылдан бері көріп тұрған сорақылық дейді Анастасия Николаева. Және де. Және жаппай сауатсыздықтың басты себебі ретінде екі нәрсені нұсқайды: 1. Интернет. 2. Әрине,Бірыңғай Мемлекеттік Емтихан!
Біздегі ахуалды білуге бірқатар ЖОО-ларға сұрау салған едік. Мақала қатталып жатқанда отандастарымыздың сауаты мемлекеттік құпия санатына өтті ме екен, барлығы бірауыздан үн қатпады. Бірақ алысқа ұзап кеттік деп ойлауға негіз жоқ сияқты. Жасөспірімдердің, оның ішінде каллиграфиялық мәдениетті көрмей, бірден планшет-смартфондармен машықтанған толқынның әлеуметтік желіде ілеуде бір кездесіп қалатын жазбаларының сиқы сондай ойға жетелейді.
«Еркек!»
Осы күні асығы алшысынан түскен әйелдерге де айтыла беретін бұл комплимент тек жазба емес, сөз саптау мәдениетіміздің де — формализацияға ұшырап, голливудтық стильдегі қысқа да нұсқа анықтама берудің тұрмыстық деңгейдегі әрекетінен жадау тартып бара жатқанына меңзейді. Бұл жерде адам өз ортасында басқа емлеге, қоғамдық қатынаста — ортақ емлеге бағынуы керек пе, жоқ па деген мәселе де туындайды. Рас қой, WhatsApp-та досыңды-құрбыңды түзетіп отырсаң — «зануда» боласың. Ал баланы немесе профильді оқу орнындағы студентті (филолог, лингвист, т.б.) түзетпесең — ұстаз болмайсың. «Тамаша ортасы» таптырмайтын қиын мәселе. Себебі мұның ар жағында, «жазғаным түсінікті болса — болды емес пе!» деген сұрақ қылтиып тұр (және бұл сұрақты әлден қойып жатыр да!). Ол болса өз кезегінде — «сауатты жазудың жалпы не қажеті бар?» деген жаратылыстану мәселесін қозғайды. Осы тұста қанық жауап бере алсаң — бағың, болмаса -сорың. Сауат нормалары, емле ережелері — ендігәрі әлдекімдердің жұрттың жанын қинау үшін әдейі ойлап тапқан шытпағы болуға аз-ақ қалып тұр.
Бояуын қоюлатып отырған ештеңем жоқ. Бір ЖОО-ның ағылшын тілі студенттерінен естігем. «Апайлары» айтыпты-мыс: «Ағылшын тілінің қиын болатыны — кезінде жазу-сызуды оқытудан ақша табамыз деп, ақсүйектер әдейі қиындатып жіберген екен». Ендеше, ана тілін алып жүре алмағандардың да осындай ойға кеп тірелетіні анық.
«Базар жоқ!»
Ал келесі көріністі әркім-ақ байқай алады. Екі-үш күн шенеуніктерді тыңдаса болды. Сөз арасында «типа», «цивильно», «дешево и сердито», «беспонтовый», «красавчик» дегендерді естіп қалу аса қиын емес. Қызығы сол: бұл сөздер 90 жылдары қоғамның белгілі бір өкілдерінің ғана қорында еді. Және газет-журналдарда, кітаптарда тырнақшаға алынып, ерекшеленіп жазылатын, тіпті — түсініктеме берілетін. Және айтушының өзі де бұл сөздердің жалпыға ортақ қолданыста емес екенін түсініп, тізгінін тартып сөйлейтін. Қазір болса, сөздік қорлардың арасы буалдыр тартып, бұлыңғырланып кетті. Себебі, бастысы — жұмыс жүріп, «цүнікті» болса — болды. Қалай естиміз — солай жазамыз. Оны да көрейік…
ТІЛ МҰҒАЛІМДЕРІНЕ СҰРАҚ: «НЕГЕ САУАТТЫ ЖАЗУЫМ КЕРЕК?» ДЕГЕН СҰРАҚҚА ӘДЕМІ ЖАУАП ОЙЛАП ТАБУҒА БОЛА МА? СІЗ ОҚУШЫҢЫЗҒА НЕ ДЕР ЕДІҢІЗ?
§ 1. Нүкте хабарлы сөйлемдерден және екпінсіз айтылған бұйрық, тілек мәнді сөйлемдерден кейін қойылады (§1, 3, 7, 10, 13-тарды қараңыз, мұндағы жақша ішінде көрсетілген цифрлар II тараудағы “Пунктуация ережелерінің” параграфтарына сілтейді[1]).
§ 2. Нүкте әрі қарай кең түрде баяндау болатынын ескертетін сөйлемнен кейін қойылады (II тараудағы §2-ты қараңыз).
§ 3. Қыстырма сөйлемді алу үшін ашылған жақшаның алдындағы сөйлем аяқталып, оған тиісті тыныс белгілерінің бірі қойылған болса, қыстырма сөйлемнен кейін жақшаның ішінен нүкте қойылады.
Мысалы: Ендеше, егер рұқсат етсе, сонда түсейік. Бүгін ас ішетін жеріміз де жоқ. Жататын қуысы болса болады. (Итбайдың бұлай деуіне себеп – қызын көрейін дегендік еді.) (С.Мұқанов).
§ 4. Драмалық шығармаларда әр сөйлеуші кейіпкердің атынан кейін нүкте қойылады. Мысалы:
Петр. Бұл немене?
Амангелді. Біле алмадым… Сақал мен мұртқа бір кезек келген сияқты (Ғ.Мүсірепов).
Кейіпкердің атынан кейін ремарка (автордың түсіндірме сөздері) келсе, ол кіші әріппен жақша ішіне алынады да, нүкте жабылған жақшадан кейін қойылады:
Амангелді (атып тұрып). Кешігіп қалыпсыз, мырза! (Ғ.Мүсірепов).
С ә у л е (аз уақыт үнсіз). Перизат, сен байқайсың ба?(Ә.Әбішев).
Пьесадағы кейіпкердің сөзінің ішінде келген ремаркаға байланысты тыныс белгісі былайша қойылады:
а) Ремарка екі сөйлемнің арасында тұрып, өзінен кейін айтылған сөйлемге (не сөйлемдерге) байланысты болса, кейіпкер сөзінің ремаркаға дейінгі сөйлемінен кейін (яғни ашылатын жақшаның алдынан) сол сөйлемге тиісті тыныс белгісі қойылады. Ремарка жақшаға алынады да, бас әріптен басталып жазылады, жабылған жақшаның ішінен нүкте қойылады, жақшаның сыртынан ешқандай тыныс белгісі қойылмайды, кейіпкер сөзінің екінші бөлігі бас әріптен басталып жазылады:
Петр.Ендеше, жөніңді біл, шығарма үніңді. (Амангелдіге.) Сен бара тұр, мерген, бір айналып соғарсың.(Ғ.Мүсірепов).
Т е м і р. Еһ, тентек қарындасым! (Қол алысып.) Ризамын, жаным, бәрін де естідім.(Ә.Әбішев).
ә) Ремарка кейіпкер сөзінің ішіндегі бір сөйлемнің арасында болса және мағына жағынан соған тікелей қатысты болса, жақшаға алынып, кіші әріптен басталып жазылады, жақшаның алды-артына және ішіне ешқандай тыныс белгісі қойылмайды. Кейіпкер сөзінің ремаркадан кейінгі жалғасы кіші әріптен басталып жазылады:
Амангелді.Жоқ, қарағым, ескі еншіден құтылғалы келдік де. Бірақ (әйелге жақындап) жаңа еншіні тізе бүгіп, жалынып сұрап аламыз ба? (Ғ.Мүсірепов).
§ 5. Кейіпкердің айтқан сөзіне тікелей қатысы жоқ, автордың түсінігі ретінде айтылған ремаркадан кейін, көбінесе, жақша ішіне нүкте қойылады:
М ы р қ а л. Інісі бар болсын! Менде Абзалдан басқа іні бар ма? (Телефон шырылдайды.) (Ә.Әбішев).
Қ о з ы. Кіре бер шатырға. Күткенін естіртуім керек. (Баян шатырға кіреді. Қозы Қодарға келеді.) Амандық ағадан емес пе еді, Қодар мырза! (Ғ.Мүсірепов).
Е с к е р т у. Мұндайда нүкте жақшаның сыртына қойылуы да мүмкін.
§ 6. Дәйексөздің, келтірілген мысалдың қайдан екенін, иесін көрсететін сөздер жақшаға алынады. Егер ашылған жақшаның алдында ешқандай тыныс белгісі болмаса, жақша жабылған жерге нүкте қойылады:
Қансонарда бүркітші шығады аңға (Абай).
Егер ашылған жақшаның алдында нүкте, сұрау белгісі, леп белгісі не көп нүкте тұрса, нүкте жақшаның ішіне қойылуы мүмкін:
Егер жау берілмесе, оны құртар болар! (М.Горький.) Бұлақты таудан арна ақса, Теңіз болар аяғы.(Жамбыл). § 7. Бас әріптерінен немесе басқы буынынан шартты түрде қысқартылып алынған адам, кітап, газет, журнал, шығарма т.б. аттарының сол қысқартылған әрпінен не буынынан соң нүкте қойылады: Н.В.Гоголь, Конс.Симонов, С.Мұқанов, А.Құнанбаев, Шығ., I том.
§ 8. Тағысын тағы, тағы сондайлар, тағы басқа деген сөздер қысқартылып қолданылғанда, олардан кейін нүкте қойылады: т.б., т.с., т.т.
Бұлардан басқа қысқартылып нүкте қойылатын сөздер: ж. – жыл; ғ. – ғасыр; сек. – секунд; мин. – минут; сағ. – сағат.
§ 9. Мынадай қысқартуларға нүкте қойылмайды:
а) Бас әріптерден және буындардан қысқарған сөздердің әріптерінің немесе буындарының арасына нүкте қойылмайды: КазМУ, ауатком.
ә) Ұзындық, көлем өлшемдерінің және басқаларының қысқартылып қолданылатын шартты белгілерінен кейін нүкте қойылмайды: км, м, см, га, л, V (вольт), А (ампер), С (Цельсий).
§ 10. Санамалы нөмірді (ол нөмірдің алдынан кей жағдайларда § белгісі тұруы да мүмкін) белгілейтін айшықсыз (жарты жақшасыз) қолданылған цифр не әріптен кейін нүкте қойылады.
Ш.Уәлиханов өзінің “Қарқаралы округы болысының қыстаулары” атты мақаласында кісі аттарынан қойылған микротопонимдерінің әрбір руға тәндігін айтқан.
1.Надан Тобықтының қыстаулары: Қошқар, Қазанқап сайы, Көрпетай т.б.
2. Төлеңгіттер қыстауы: Төлебике сайы…
3. Тарақты руының қыстаулары: Матайадыр, Жотан, Текебай… (Т.Жанұзақов).
Цифрдан немесе оның орнына алынған әріптен кейін жарты жақша (айшық) қойылса, одан кейін нүкте қойылмайды:
Теңеу сөзге белгілі бір жұрнақтар қосылу немесе кейбір сөздердің тіркесуі арқылы жасалынады.
а)сөзге -дай, -дей… жұрнақтары жалғануы арқылы…
ә) сөзге -ша, -ше жұрнағы жалғануы арқылы…
б)секілді, сықылды, тәрізді… сөздерінің тіркесуі арқылы…(Қазақ тілі оқулығы.)
§ 11. Кітаптағы тақырыптардың атынан кейін нүкте қойылуы да мүмкін. [1] “Анықтағыштағы” пунктуация ережелері синтаксистік құрылысқа қарай (мысалы, сөйлемнің соңына қойылатын тыныс белгілері, оңашаланған айқындауыштың тыныс белгілері т.б.) баяндалды. Мына “Қосымшада” әрбір тыныс белгісінің жалпы қай орындарда қолданылатындығы туралы ережелер жинақтап берілді. Жазып отырған адам белгілі бір тыныс белгісінің өзі күдіктенген жеріне қойылатын-қойылмайтындығын осы “Қосымшаға” қарап тауып ала алады. Ал оны дәлірек білгісі келсе, “Пунктуация ережелері” деген тараудан қай бапты (параграфты) қарау керек екендігі көрсетілді. Сонымен қатар “Қосымшада” пунктуация тарауында айтылмаған кейбір ережелер берілді. Мысалы, драмалық шығармалардағы тыныс белгілері, тырнақшаның қолданылуы т.б.
Рәбиға Сыздық. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Астана: Елорда, 2000, — 532 б. ISBN: 9965-06-023-1
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев құрылыс саласында түрлі жобаларды іске асырған түрік компанияларының жетекшілерімен кездесті.
Оңтүстік Қазақстанға инвестиция салуға ниетті «AKAY CONSTRUCTION INC» және «MESCIOGLU muhendislik ve musavirlik a.s.» компаниялары жол құрылысы, тұрғын үй құрылысы саласы мен өлшеу аспаптарын өндіру және өзге де өндірістер саласында жұмыс жасайды.
Басқосуда қос тарап, қалада тұрғын үй құрылысы саласында бірлескен жобалар құруды және басқа өндірістік салаға түркиялық инвесторларды тарту жайын сөз етті. Сонымен қатар, компания басшылары «Shymkent City» кешенінің құрылысына қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, MESCIOGLU компаниясы 10 жылдан бері Ыстамбулдың автомобиль жолдары мен жол қиылыстары басқармасының жобаларын әзірлеп, көпір, өтпежол, тоннель және автобиль жолдары жобасында инжинирингтік қызметтер көрсетіп келеді.
Ал, 1985 жылы құрылған құрылыс компания «AKAY CONSTRUCTION INC» сол жылдар ішінде түрлі әлеуметтік нысандар мен университеттер, үлкен ойын-сауық орталықтарын және 8300 тұрғын үй кешені сынды тағы да басқа ғимараттар салған.
Аталған компаниялар жүргізілетін құрылыстың сапасы жоғары әрі салынатын әлеуметтік үйлердің бағасы төмен болатындығын айтып отыр.
Сапар барысында делегаттар «Қазақ-түрік» индустриалды аймағының жұмысымен танысып, облыстың кәсіпкерлерімен кездеседі.
Reddit әлеуметтік жаңалықтар желісінің қолданушылары ай сайын деуге келетін жиілікпен жұмбақ фотолар жариялап, желідегі әлеуметтің басын қатырып тұрады. Соңғы айларда қолданушыларды кәдімгідей пұшайман қылған фотожұмбақтарға үңілсек.
Үш аяқты қыз
AMassiveTRexHoldingaBabyатты қолданушы «минут бойы бажайлап қарап отырып, әрең түсіндім» деп, төмендегі фотоны жариялаған:
«Үш аяқты қыздың» жұмбағы желі қолданушыларын біраз әуреге салған. Қызығы, көптеген қолданушылар фотоның құпиясы жария болғаннан кейін де бәрібір түк түсінбейтінін айтқан:
Сөйтіп, кейбіреулерге ақыры — құмыраның құмыра екенін дәлелдеудің өзі мұң болған.
Алты қызға — он аяқ
Ал jr0d7771 атты қолданушы диванда ортада отырған қыздың аяғын «тауып беруді» сұраған:
Мұнда да, «әп!» дегеннен шешемін деп ойлаған қолдануышлар ақыры миы ашып, жөнді-жөнсіз әзілге көшкен. Дегенмен мыңның ішінен Fallthrough деген біреу шығып, аяқтар мен олардың иелерін тәптіштеп сызып, «жұмбақтың» шешімін тапқан:
Зырылдаған шарлар
Ал мына сурет күрделілеу. Бір қарағанда — қара шеңбердің ішінде ақ дөңгелектер — сағаттың тілінің бағытымен айналып жатқан сияқты.
Шын мәнінде ақ шарлар бар болғаны — қара шеңбердің диаметрі болатын түзулердің бойымен жоғары-төмен сырғанап қана тұр дейді қырағылар.
Луизианалық Алисаның селфиі әдеттегіден тыс болатындай жөні жоқ еді. Келісті сымбат, кешкі көйлек, айнаның алды.
Бірақ селфиі жариялана сала, салақ қыздың жұмсартып айтқанда, «шектен тыс еркін өмірін» көрген әлеумет теріс пікірден аянып қалмапты. Қыздың ар жағындағы қордаланған қоқыс оның сұлулығын әп-сәтте шайып кеткенге ұқсайды:
Пікіршілердің бірі — «саған үйленетін адамды аяймын» деген сияқты сүйектен өтер сөздер жазса, енді біреулері бөлмеден тіпті өлі тышқан байқап тұрғанын жазыпты:
Бір апта бұрын Facebook әлеуметтік желісінде kundelik.kz порталының ресейлік dnevnik.ru порталына ұқсастығы қызу пікірталас тудырған болатын. Бүгін jas.kz редакциясының сұрауына ресейлік dnevnik.ru порталынан жауап келді.
Компания ТОО «Кунделик (Kundelik)» является совместным с компанией Дневник.ру казахстанским предприятием и обладает исключительной лицензией на использование подобной системы на территории Республики Казахстан. Система kundelik.kz — локализованная и адаптированная для Республики Казахстан система, вобравшая в себя весь положительный опыт использования подобной системы в Российской Федерации.
Айта кету керек, kundelik.kz сайтына жіберілген осындай сұраққа жауап берілмеді. Jas.kz алдағы уақытта аталмыш сервистің көшірмесі қандай шарттармен алынғаны жөнінде егжей-тегжейлі зерттеу жүргізбек.
Алматылық ана Салтанат Тажиеваның Білім-ғылым министрі Сағадиевке ескерту-өтініш-ұсыныс видеожолдауы тәулік ішінде 17 мыңнан аса қаралған (13 қаңтардың сағат Астана уақытымен 02:45-тегі көрсеткіші). Анау-мынау ортанқол әнші армандамайтын танымалдық. Себебі ән — талғамның мәселесі. Ал бала мен оның болашағы — олай емес. Алаңдаған ананың жолдауының танымалдығын дәл сондай — қамкөңіл ата-аналар мен мұғалімдер арттырғаны белгілі.
Жаратылыстың айуан келбеті
Салтанат Тажиеваның сұрағы — «Жаратылыстану», «Қоршаған ортамен таныстыру, экология негіздері» пәндеріндегі 5-6 жасар баланың қабылдауына қиын түсініктер мен терминдер жөнінде болатын. Онда айталық, өмірдің қатігез тұстарымен әлі таныс емес балақанға, кейбір құстардың неліктен «Қызыл кітап» деп аталатын кітапқа енуге мәжбүр екенін білуге тура келеді.
Салтанат Тажиеваның френдтері мықты ма екен, министрліктің монитроингіне бірден ілінсе керек. Себебі жауап тез берілді. Жауаптың бір жерінде:
«Как правило, предметы «Физика», «Химия», «Биология», «География» считаются трудными для восприятия учащихся. Поэтому в начальной школе для формирования научной картины мира и готовности к восприятию сложных терминов и явлений в основной школе введен предмет «Естествознание». Программы разработаны на основе «спирального» подхода, когда знания и навыки учащихся формируются с младшего возраста, постепенно углубляясь и расширяясь —
делінген.
«Спиральдік» әдістің аспаннан алынбағанына сенелік. Бірақ, концептуалдық тұрғыдан — кіші сыныптар үлкен сыныптардағы «көкми» пәндерге дайындық ретінде қарастырылса, онда неменеге үлкен сыныптарда — бірден университеттің бағдарламасымен оқытып, мектеп бітіргенде ЖОО дипломын бере салмасқа? Әрине, негізгі орта білім алған баласы, әлден-ақ ұшақпен ұшып не құс тұмауының дәрісін ойлап тапқанын кім жек көреді дейсің. Бірақ ондай арман жолында этнопедагогикалық маңызы бар «балалық шақ» ұғымы мен кәдімгі психикалық денсаулықты құрбандыққа әкелуге кімнің жүрегі дауалайды? Бұл жерде «үлкен өмірге» дайындау кезінде оқулық жасаушылардың ата-аналардан қолғабыс сұрау ғана қалып тұрған сияқты. Балақандарға арналған басқа кітаптарымыз өмір мен өлім туралы терең өлең жолдарымен басталмасын деп тілейік.
Қазақ әбедиТЕТіндегі соқыр Құнанбай
Жалпы, Білім-ғылым министрлігінің бүлдіршінге ғажайып өмірдің жаман тұстарын «естірту» әдісі бүгін басталған жоқ. 2014 жылы Инвестициялар және даму Министрлігімен бірігіп жасаған e-learning жобасы депутаттардың назарына ілігіп, үлкен сынға ұшыраған. Мысалы, депутаттардың назарына электронды «оқулықтардың» біріндегі Құнанбайдың сол көзінің мүкісі соншама реалистік тұрғыдан берілуі ілікті. Оған берілген — жауаптан гөрі ақтау сөзі де назар аударарлық. «Bilim Media Gorup» ЖШС директоры Рауан Кенжханұлы оның тарихи шындық екенін айтқан. Мұндай «тарихи шындыққа жанасу» принципімен, жаугершілікте әлде залымдықтан қаза болған бабалар туралы оқулықтарды елестету ересек адамға да қорқынышты. Бақытымызға қарай, e-learning жобасы дауға қалып, «әр пикселге екі шелек қан келетін» біраз оқулықтар жарық көрмей қалды деген үміт бар. Ал оқулықтың мұқабасындағы «Қазақ ӘдебиТЕТі» деген жазуға тап сол директордың жауабы жұмсақтау болды: электронды оқулық кітап емес, түзете салу мәселе емес деді. Жалпы осы жәйттерден — балаға өмірдің келеңсіздіктерін естіртіп, ерте есейту — министрліктің концептуалды ұстанымы екеніне сеніміміз беки түседі.
Таңдамалы жауап
Әлеуметтік желінің қазақтілді сегменті көтеретін мәселелерге әдетте жауап берілмейді. Алматылық ана Салтанат Тажиеваның бағы — телеарнада сюжет жасалуында шығар. Әйтпесе өрескел қатеге толы кітаптардың ондаған скриншоты, жүздеген пікірлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде өріп-ақ жүр. Өткен аптада ғана kundelik.kz жобасы мен ресейлік dnevnik.ru арасындағы визуалды ұқсастық сөз болды. Тақырып тіпті субъективті деп есептелетін әлеуметтік желінің субъективті шеңберін тастап шығып, республикалық БАҚ-тарға да шықты. Елеп жатқан ешім жоқ. Қоғамға ең болмаса: «отандық программистердің қолдары қисық, бастары ноқалай, тәбетінің түрі жаман, сондықтан Ресейден ала салдық» деген жауап та жарап жатыр еді. Себебі қияндағы Маңғыстау облысы осындай жүйені бірнеше жыл бұрын-ақ жасап шығарған болатын. Үн жоқ. Сірә телеарнадан сюжет керек шамасы.